Мақсұт НӘРІКБАЕВ, "Әділет" демократиялық партиясының төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор:
– Мақсұт аға, сіз сайлау алдында "Нұр Отан" партиясының бастамасымен құрылған "Қазақстан – 2020" коалициясының мүшесі ретінде "Әділет" партиясының атынан және сайлауда қазіргі Президентіміз – Елбасын қолдау штабына енуіңізге байланысты бүкіл Қазақстанды аралап, жұртпен тілдесіп қайттыңыз. Алған әсеріңіз қандай?
– Бұл, шынымды айтсам, өзім үшін де, бүкіл қоғам үшін де тарихи маңызы орасан зор оқиға болды дер едім. "Әділет" партиясы "Қазақстан –2020" коалициясына қосылып, еліміздің миллиондаған азаматымен бірге қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін созу туралы референдумды қолдаған болатын. Бірақ демократиялық құндылықтарға адалдығын білдірген Елбасы мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді біз қолдадық. Сайлауалды науқан кезінде біз жұртшылықты әлеуметтік тұрақтылыққа, қоғамдық келісімге, ұлттық бірлікке, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, еліміздің одан әрі тұрақты дами беруіне және Елбасы жүргізген 20 жылдық сындарлы саясаттың арқасында Қазақстанның жеткен жетістіктері үшін дауыс беруге шақырдық. Кешегі президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жетуі бүкіл халықтың Елбасы саясатын толық қолдайтынын дәлелдеп қана қоймай, референдум өткізу туралы бастаманың қаншалықты өміршең болғандығына көз жеткізді. Біз осы сайлау қорытындысында референдум туралы бастаманың негізгі мақсатының іс жүзіне асқандығына куә болдық. Сайлау Қазақстан халқының Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы тарихи рөлін шынайы бағалайтындығын және оған деген құрмет пен сенімнің одан әрі арта түскендігін көрсетті. Бір кісідей жұмыла дауыс берген қазақстандықтар экономикалық және әлеуметтік қарқынды даму жолын және қазіргі заман талабына сай түбегейлі саяси реформалар жүргізуге мүдделі екендіктерін, ол үшін бар күш-жігерін аямайтындықтарын паш етті. Алдымызда ауыртпалығы зор, маңыздылығы мол қыруар іс пен асқар асулар күтіп тұр. Оған өз таңдауымыздың иесі – Елбасы біреу болып, басқаларымыз оған тіреу болып жетейік! Ал сұрағыңның нақты жауабына келсем, бір айдың көлемінде бүкіл Қазақстанды аралап шығу, мыңдаған адам жиналған кездесулер өткізу салмағы өте ауыр жүк екенін көрдім. Бірақ мен ол кездесулерден үлкен әсер алдым: халықтың тынысын сездім, ел-жұрт болып еңсемізді көтере бастағанымызды байқадым. Бұл әрбір саясаткер үшін өте қажет сезім, түсінік болуы тиіс деп санаймын.
– Сізбен сұхбат жүргізер алдында мен "Әділет" партиясының сайтына кіріп, ондағы жасаған мәлімдемелеріңіздің біразымен танысып шыққан едім. Шынымды айтайын, онда сіздер Үкіметтің саясатын қатты сынға алған екенсіздер. Мысалы, көп партиялы Парламент құру, коррупцияны жою, зейнеткерлердің жағдайы, құқықтық реформа туралы көзқарастарыңыз – шын мәніндегі оппозициялық пікірлер. Дегенмен сіздер коалицияға кірдіңіздер. Қандай мақсатпен?
– Біздің Үкіметті үнемі сынға алып отыратынымыз рас. Меніңше, Үкіметті сынға алу үшін партияға Парламентте болу-болмау маңызды емес сияқты. Әр партия қоғамның белгілі бір бөлігін құрайды. Олай болса, біздің өз пікірімізді ашық айтып отыруымыздың себебі партиялық жұмыстың табиғатынан туындаған деу керек. Сіз біздің Үкіметті "Елбасының нұсқаулары мен Жолдауларында айтқан тапсырмаларын неге жетер жеріне жеткізе, тап-тұйнақтай етіп орындамайсыңдар" деп сынайтынымызды дұрыс байқапсыз. Бұл жерде біздің алдымыздаҮкімет пен Президентті бір-біріне қарсы қою секілді мақсат болған жоқ. Біз үшін әрқашан да қоғамның мақсаты мен мүддесі алда тұрды. Күшті, дамыған, экономикалық және басқа қауіпсіздігін қамтамасыз еткен мемлекет құру Тәуелсіздік келгеннен кейін Елбасының немесе партиялардың ғана емес, әрбір қазақстандықтың арманына, көкейкесті мақсатына айналды десе болады. "Ер-азамат үш жылдығын ойлайды" деген қазақ даналығы. Біз қазіргі тарихи кезеңде одан да әрі, 40-50 жыл алдағыны бұрын ойлауға тиісті емеспіз бе?! Бұл — тарихтың қазіргі ұрпақтың мойнына жүктеген салмағы, сонымен бірге сыны. Ендеше, осы сыннан біздің ұрпақ ертең тарихтың алдында ұятқа қалмайтындай етіп өтіп шыға ала ма? Осыдан-ақ біздің иығымызға қандай жауапкершілік артылғанын ұғуға болар деп ойлаймын.
– Дегенмен коалицияға кіру арқылы сіздер Үкіметтің қазіргі бағытын, саясатын қолдап шықтыңыздар емес пе?
– Біз Елбасының саясатын қолдап шықтық. Соның өзінде де, "дос жылатып, дұшпан күлдіріп" айтады дегендей, біз Елбасыға өз ойымызды аманат ретінде табыстадық. Онда біз Елбасыға Қазақстанда қоғамдық жүйені модернизациялаудың саяси, әлеуметтік және экономикалық алғышарттары кұрылғанын, сондықтан кезекті президенттік мерзімде осы мүмкіндіктерді толық іске асыру үшін нақты қадамдар жасайтынына сенімді екенімізді білдірдік. Ол үшін Президент қоғамдағы барлық жасампаз күшті жұдырықтай жұмылдыра алуы қажет. Біріншіден, Президент ұлт көшбасшысы ретінде қоғамның барлық мүшесінің, Қазақстанның әрбір азаматының, сонымен бірге барлық саяси партия мен қоғамдық қозғалыстардың, тұтас азаматтық қоғамның атынан әрекет етеді және олардың мүдделерін қорғайды. Сол себепті біз Елбасы Қазақстан Республикасы Президенті қызметін атқару кезінде өзінің "Нұр Отан" ХДП-дағы мүшелігін тоқтатып, ұлт көшбасшысы ретінде барлық тұрғынның, барлық саяси партияның, қоғамдық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдардың, тұтас азаматтық қоғамның мүддесіне қызмет етуі қажет деп санаймыз. Екіншіден, азаматтардың өз мәселелерін өздері шешуіне жағдай туғызып, оларды шенеуніктердің өктемдігінен құтқару үшін Еуропалық хартияға сәйкес келетін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру. Оны қазіргі өзін-өзі мемлекеттік жергілікті басқарудан бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қаржыландыру мәселесін шешуді қарастыру керек. Үшіншіден, қалыптасқан партиялық жүйені жетілдіру, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың нақты бәсекелестігіне жағдай туғызу. Парламенттік сайлауда 1 % дауыс жинаған саяси партиялардың қызметін жыл сайын қаржыландыруды енгізу. Барлық партия үшін мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімді болуының тең және кепілді мүмкіндігін туғызу. "Саяси партиялар туралы" заңға оппозиция туралы арнайы бап енгізу, онда оның құқықтық мәртебесін және қызметіне мемлекет тарапынан кепілдік берілуін көрсету. Төртіншіден, сайлау заңнамаларын нақты демократия талаптарына сәйкестендіре жетілдіріп, Парламентке өту кедергісін 1 %-ға дейін төмендету. Парламент пен мәслихаттардың атқарушы биліктің қызметін бақылаудағы және кадр мәселелерін шешудегі құзырын кеңейту. Мемлекеттік қаржы мен кірістерге, оларды жұмсау бағыттарына парламенттік бақылауды күшейту. Бесіншіден, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жүйесінің құрылуына белсене атсалысатын, барлық мәселе бойынша шешімдерге, соның ішінде стратегиялық шешімдерге ықпал ете алатын белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға жағдай жасау. Журналистердің саяси конъюнктурадан тәуелсіз болуын қамтамасыз ететін қоғамдық телерадио туралы заң қабылдау. Алтыншыдан, сот жүйесін, соттардың тәуелсіздігін және заңдардың "телефондық құқықтан" жоғары болуын қамтамасыз ететін реформалар жүргізу. Біз, міне, коалицияға кіре отырып, осы мақсаттарымыз үшін күресетінімізді жасырған жоқпыз. Біз осылай екі ұдай пікір туындамас үшін мәселенің басын әуел бастан ашып алдық.
– Қоғамда президенттік сайлаудан кейін Парламент таратылып, еліміздегі "Саяси партиялар туралы" жаңа заңға сәйкес, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтеді деген үміт оты болды. Ондай пікірдің от алуына Президент көмекшісі Ертісбаев та өз сұхбаттары арқылы әсерін тигізді. Қазір Парламентке сайлау 2012 жылы уақытында өтетін болып шықты. Сіз бұл "жаңалықты" қалай қабылдадыңыз?
– Шынына келсек, соңғы уақытта еліміздегі саяси оқиғалардың өте қауырт дамығаны соншалық, көптеген партия бұл өзгерістерге дайын емес екендігін көрсетті. Коалицияға қатыспаған еліміздегі көптеген басқа партиялар да президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевқа пара-пар келетін өз үміткерлерін шығара алмады. Сондықтан мерзімінде өтетін парламенттік сайлауды мен жағымды жаңалық деп қабылдадым. Алдымен елімізде қандай өзгерістер болып жатқанын және болатынын партиялық сараптамадан өткізіп алуымыз қажет. Келесі электоралдық кезеңге сол жүкпен шығуға тиістіміз. Сындарлы саясат Елбасыға ғана емес, әрбір партияға да тиісті. Билік құрамына келу – әрине, әрбір партияның мақсаты. Бірақ оған жан-жақты дайындықпен, өз бағыт-бағдарыңмен келу — екінші әңгіме. Біз де осы мүмкіншілікті толығымен қолданатын боламыз. Бұл – осы мәселенің бір жағы. Екінші жағы бүгінгі бір партиялық Парламенттің ғана емес, жалпы мемлекетіміздің бір партиялық басқарушылық жүйесінің өз ішіміздегі де, басқа да халықаралық қоғамдастықтардың да орынды сынында жатыр. Мемлекетімізді саяси модернизациялаудың өте қажеттігін, оның ішінде көп партиялық Парламент болатындығын президенттік лауазымына ресми отыру рәсімінде Елбасының баса айтқаны белгілі. Ендеше, Елбасының алға қойған жоспарларын іс жүзіне асыруда асқан орындаушылық қасиетімен ел санасында қалыптасқан депутаттар тағы да бір шешімге келіп, өркениетті өсу кезеңімізде өте қажет болып тұрған саяси реформалардың тездетілуіне жол ашып жатса, несі артық болсын?! Қалай болған күнде де біздің партия саяси бәсекеге бар күшін салуға дайын.
– Енді заң төңірегіндегі мәселелерге қарай ойыссақ. Жақында құқық қорғау жүйесінде реформа жүргізілді. Осы саланың кәсіби маманы ретінде айтыңызшы, құқықтық реформа көңіліңізден шықты ма?
– Осы уақытқа дейін еліміздің құқық қорғау жүйесі талай рет реформалауға ұшырады. Мысалы, 1991 жылдан бастап құқық қорғау органдары, прокуратура және сот қоғамның назарына алдымен ілігетін мемлекеттік органдар болғандықтан, еліміз олардың іс-әрекетін үнемі үйлестіру үстінде болды. Бүгінде елімізде осындай құқықтық ұйымдастырушылық өзгерістерге ұшырамаған бірде-бір құқық қорғау органы қалмаған шығар. Мәселен, еліміздің прокуратурасы – төрт рет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті – екі рет, ішкі істер органдары – үш рет, салық және қаржы полициясы органдары – бес рет, сот жүйесі әлденеше рет реформалауға ұшырады. Осының ішінде кедендік қызмет саласы сегіз рет реформаға ұшырады. Жүргізілген реформалар адам құқы мен еркіндігін, олардың өмірі мен мүлкін қорғаудан бұрын, нағыз саяси мақсатты көздеп жасалған секілді. Оның үстіне жүйені жетілдірумен құқық қорғау органдарының өздері айналысып, олар көбіне өздерінің корпоративтік мүдделерін шешумен болды. Мұндай үрдіс әлі де жалғасуда. Мен мұны Елбасының жанындағы құқықтық саясат жөніндегі кеңестің мәжілісінде ашып айтқан болатынмын. Бұл ешқандай құқықтық реформаға жатпайды. Біздің бір кемшілігіміз, "бір терінің пұшпағын илейтін" саланың әр құрылымын жеке-жеке реформалап жатамыз. Ішкі істер саласын – бір бөлек, қаржы полициясын, Ұлттық қауіпсіздік комитетін, сот саласын жеке-жеке реформалағанмен, оның түбіне жете алмаймыз. Сондықтан құқық саласының бәрін әділет жүйесі деп қарап, комплексті түрде шешуіміз қажет. Ал құқық қорғаудың әр саласының мамандары реформаны ешқандай қоғамдық талқылауға салмай, тек Елбасының ғана көзін жеткізіп, заң арқылы өзгерте салуы дұрыс емес. Онымен қоса құқық қорғаушылардың жалақысын көтеру мен техникасын жақсартудан мәселе шешілмейді. Сондықтан құқық қорғау жүйесін табысты реформалау үшін оған бүкіл қоғам болып атсалысуымыз қажет. Шын мәнінде, азаматтық қоғам өз пікірін білдірмей, құқық қорғау жүйесі алға баспайтынын ұқпайынша, олардың жұмысына қоғамдық бақылау болмай, орган қызметкерлері заңды "белден басатынын" түсінбейінше, қандай реформа жасасақ та, ол бәрібір көп өзгерістің бірі ретінде қалып қояды. Сол үшін де реформаны талқылауды ашық жүргізіп, оны талқылауға кәсіби мамандармен қатар, азаматтарды жұмылдыру қажет. Тіпті заң жобасын БАҚ-тарда, интернеттерде жариялау керек. Ресей өзінің "Полиция туралы" заңын осылай көпшіліктің талқылауына салып барып, қабылдады. Неге көршіміздің тиімді жақтарын өзімізде қолданбасқа?! Кәсіби заңгерлеріміздің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізіп, мемлекеттік телеарналарда осы бағытта неге түрлі сұхбаттар ұйымдастырмасқа?!
– Бірден алты Жоғарғы сот судьясының қызметтен кетуі мен олардың кейбіреулерінің қамауға алынғаны, тіпті Жоғарғы сот төрағасының Елбасыға арыз жазып, "енді моральдық тұрғыдан жұмыс істеуге құқым жоқ" деп өз лауазымынан бас тартуы қоғамда кәдімгідей қызу пікірталастар туғызды. Қазір кейбіреулер "соттар қызметіне қоғамдық бақылау жасау арқылы осы саланың келеңсіздіктерін түзетуге болады" деген пікірлер айтып жүр. Осыған қосыласыз ба?
– Жоқ! Өйткені онсыз да судьялардың жұмысына күнделікті қоғамдық бақылау жүргізіліп тұрады. Судьялардың шешімі шенеуніктердікі секілді кабинетте емес, көпшіліктің қатысуымен сот залында шешіліп жатады. Айыпкер де, жәбірленуші де, қорғаушы да, прокурор да, куәгер де, тіпті екі жақтың туыстары да — барлығы сот процесін бақылап отырады. Ал олар қоғам мүшесі емес деп кім айта алады?! Менің түсінігімде сот жүйесіне басқаша бақылау орнату деген оны бағындыру, қорқытып-үркіту арқылы судьяның таза, заңды түрде шешім шығаруына моральдық тұрғыдан әсер етудің бір механизмі болып есептеледі. Судьяның шешіміне тек жоғарғы сатыдағы сот қана құқықтық баға беріп, өзгеріс енгізе алады. Біз бұлай етсек, соттың, судьяның мәртебесін, абыройын ешқашан жоғары көтере алмаймыз. Соттардың жұмысына қоғамдық бақылау жүргізгенше, олардың шығарған шешімдері үшін жауап беретіндей кұқықтық механизмдерді жетілдіргеніміз жөн шығар. Яғни әрбір судьяның өз шешімдеріне жауапкершілігін арттыру қажет. Ал Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Мұсабек Әлімбековтің үлкен азаматтық, моральдық тұрғыдан шешім қабылдап, алты судьяның шатаққа ілінуіне байланысты Елбасына арыз жазып, лауазымынан кетуі біздің көп шенеунікке үлгі болуы тиіс. Өзінің қол астындағы қызметкерінің істі болғаны үшін қай министр немесе қай әкім жұмысынан кетті? Сондықтан мұндай моральдық ар әр шенеуніктің, әр азаматтың жүрек түкпірінде сақталуы тиіс. Әр адам өзінің жасап жүрген жұмысына, міндетіне жауапкершілікпен қараса, қандай тамаша болар еді!
P.S.:
Алашқа айтар Датым...
Қазіргі таңда тендер төңірегінде қоғамда түрлі сыни пікірлер айтылса да, оны қолданыстан шығара алмай келеміз. Мемлекеттік сатып алу жүйесін түбірімен өзгертуіміз қажет. Әйтпесе бұл жүйе жемқорлықтың нағыз көзіне айналып алды. Тіпті тендерді жеңуге қолғабыс еткен адамға сол шартта көрсетілген соманың 10 пайызы пара ретінде беріледі екен. Ал бұл сома жыл көлемінде 200 млрд теңгеден астам қомақты қаржыны құрап отыр. Сондықтан осы саладағы жемқорлықты азайту үшін және бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру үшін біз мемлекеттік сатып алу жүйесін "СК-Фармация" үлгісіне сай республикалық бағдарлама жүйесінде орталықтандыруды ұсынамыз.
Оқшау ой
Бізде мынадай бір келеңсіздік бар. Әрбір адамның күн көруіне арналған көрсеткіш өте төмен көрсетілген. Сондықтан ең төменгі зейнетақы деңгейін өмір сүруге лайықты дәрежеге көтеруіміз қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда төменгі күнкөріс деңгейі, теңгемен есептегенде, 14 952 теңгені құрап отыр. Соның ішінде тұтыну қоржыны бағасының 60 пайызын – азық-түлік, ал 40 пайызын өзге тауарлар құрайды. Ал халықаралық стандарт бойынша, бұлай болуы тиіс емес. Онда тұтыну қоржынының 30 пайызын – азық-түлік, 70 пайызын өзге тауарлар мен қызмет түрлері құрайды. Егер біз осыны негізге алар болсақ, онда күнкөріс деңгейі бізде 29 304 теңге болуы тиіс екен. Сондықтан зейнеткерлеріміздің алып отырған ең төменгі зейнетақысы осы күнкөріс деңгейінен төмен болмауы тиіс. Мысалы, Германияда орташа зейнетақы көлемі — 984 евро, Финляндияда — 1,3 мың евро, Голландияда — 3,2 мың евро. Егер біз ең төменгі зейнетақыны 30 мың теңгеге көтеріп, төменгі және жоғарғы зейнетақы айырмашылығын екі есеге (60 мың теңгеге) ұлғайта алсақ, осының өзі алғашқы кездегі үлкен жетістік болар еді.
Автор: Серік Жұмабаев