Алматыда бір пысықайлар әл-Фараби даңғылы бойында жерленген мүрделерді басқа жерге жерлеп жатыр. Табысқа кенелгісі келген олар -зираттағы адамдардың сүйектерін заңсыз көшіруде. Бұндай әрекетке бару үшін әкімшіліктің арнайы қаулысы керек. Алайда қаланың жоғарғы жағындағы жер телімдерінің бағасы заңды белден басуға итермелесе керек. Арызданушы Әйгерім Тілеуқұлованың айтуынша, осы бейітте жақын туысқаны тоқсаныншы жылдары жерленген. Ал қабірлерді 50 жылдан кейін ғана көшіруге рұхсат беріледі. Өткен жылы 12 мүрде басқа жерге қайта көмілген. Тіпті, бұл жерде жер телімдері сатылады деген жарнама ілінген. Шағымданушылардың өтініші бойынша "Әділет" партиясы қалалық құқық қорғау органдарын бұндай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюға шақырды.
Мақсұт Нәрікбаев, "Әділет" демократиялық партиясының төрағасы
Әрине бұл рухани тұрғыда біздің азып кеткендігіміз. Ақша көптеген азаматттардың, ол шенеунік болсын, кәсіпкер болсын, бай адам болсын ақша көздерін жауып тастаған секілді. Ар-ұяттан безіп, өлген адамдардың өзіне әділетсіздік орнату деген тірі жүрген адамдарға бұл енді қазақтың тарихында болмаған.
Шыңғыс КІРЕБАЙ
05.01.2012.ж