ҚАЗОРЫС
Жылдам іздеу

Дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру шараларының Жоспары туралы "Әділет" партиясының МӘЛІМДЕМЕСІ

Алматы қаласы 15 қаңтар 2009 жыл

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2008 жылдың соңында қабылдаған еліміздің 2009-2010 жылдарға арналған қаржы жүйесі мен экономикасын тұрақтандырудың бірлескен іс-қимыл Жоспарын жүзеге асыру үшін жасалған арнайы шаралар Жоспары еліміздің экономика және қаржы жүйесін тұрақтандыруда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ішкі қаржы көздерін бір жерге жұмылдырудағы мемлекеттің рөлін арттыруда нақты және конструктивті шараларды қамтыған. Бірақ аталған Жоспар елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайда болғанда ғана және дағдарыстан шығудың үкімет таңдаған осы үлгісі аясында ғана нақты және қисынды деуге келеді.

"Әділет" партиясы 2008 жылдың 20-қарашасындағы "Дағдарысқа қарсы бағдарлама туралы Мәлімдемесінде" Қазақстанның қаржы жүйесі мен экономикасын тұрақтандырудың бірлескен іс-қимыл Жоспарына қатысты өзінің ұстанымын білдірген болатын. Біз қабылданған Жоспарға талдау жасау барысында, Дағдарысқа қарсы Жоспарға түбегейлі өзгерістер енгізілмегенін байқадық. Жоспарда қалыпты жағдайға тән орындалуы тиісті шаралардың техникалық аспектілеріне басты назар аударылған. Бірақ дағдарыстан шығу үшін қажетті төтенше шаралардың орындалуы басқа амалдар мен дағдарысқа қарсы басқа шараларды қабылдау мен жүзеге асыруды талап етеді.

"Әділет" партиясы аталған Жоспардың әлемдік қаржы дағдарысының қазақстандық экономикаға әсерін жұмсартуға, қазақстандық экономиканы құрылымдық тұрғыда қайта құруға қабілетті екендігіне күмән келтіреді. Оның үстіне, жағдай одан әрі де негативті бағытта дами беретін болса, бұл Жоспар алдын ала жарамсыз болып қалады. Онда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал да одан сайын ушыға түседі.

"Әділет" партиясы үкімет ұсынған Дағдарысқа қарсы Жоспарға түбірлі өзгерістер енгізу қажет деп санайды.

Біріншіден. Дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау мен жүзеге асыруда шұғыл әрекеттердің болмауы. Өйткені, Қалыптасқан жағдайда мұндай шала жоспарлар ғана емес, кіршіксіз жасалған жоспарлардың өзінің де бюрократиялық кедергілерге тап болуы мүмкіншілігі зор.

Дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық және жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қаражаттарды тарту туралы саяси шешімді Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев 2008 жылдың 13-қазанында қабылдады. Ал Үкімет Дағдарысқа қарсы бағдарламаны тек 25-қарашада, ал оны жүзеге асыру Жоспарын 2008 жылдың 30-желтоқсанында ғана дайындады. Сөйте тұра, Үкімет 2008 жылдың өзінде шұғыл шаралар қолданғаны, әлемдік қаржы дағдарысы салдарының қазақстандық экономикаға әсерін жұмсартуға қатысты нақты іс-қимыл жоспарлары бар екенін бірнеше мәрте мәлімдеді.

Іс-қимыл Жоспарында арнайы облигациялар шығару арқылы Ұлттық Қор мен Ұлттық Зейнетақы Қор қаржысын қолдану, ,және де, ЕДБ−ге қосымша қаржыландыру тетіктерін іске қосу, шағын және орта бизнесті қосымша қаржыландыру, ауылшаруашылығы мен құрылыс секторын қолдау көзделген. Соның өзінде, банк секторына алғашқы транш 2009 жылдың сәуір айынан, ал ШОБ-ті қолдау қаражаты − ағымдағы жылдың шілдесінен бұрын түспейтіні анықталды.

"Әділет" партиясы дағдарысқа қарсы негізгі шаралардың жүзеге асу мерзімін бұлай ұзаққа созылуына жол бермеу керек деп есептейді. Егер Қазақстанда дағдарыс жоқ болса, онда мұндай шаралардың түкке де қажеті жоқ, ал дағдарыс бар екен – онда бұлай созбақтау дағдарыс жағдайын жеңілдетпейді, керісінше тереңдетеді.

Әлемдік дағдарыстың жалғасу кезеңінде еліміздегі жағдай түбегейлі өзгеріске ұшырауы, сөйтіп, осы кезеңге жоспарланған шаралар нәтижесіз және уақытынан кешігіп керексіз болып қалуы әбден мүмкін. Басқа елдерде, мысалы АҚШ, Германия, Ұлыбританияда банк пен компанияларды мемлекеттік қолдау туралы саяси шешім қабылданғанынан кейін, оны іске асыру мерзімі санаулы күндері ғана құрайды.

Мұндай жағдайда шараларының шұғылдығы дағдарыспен күресудің тиімділігін басты шарты болып табылады.

Екіншіден. Дағдарыстан шығу дегеніміз қоғамдық құрылымның барлық топтарын бірігуі ғана емес, дағдарысқа қарсы күресте барлық топтардың қоғам мүддесі үшін адамгершілік тұрғыда бірігуін талап етеді. Осы орайда жекелеген топтар мен тұлғалардың мүдделері елдік мүддеден жоғары тұрмауы тиіс.

"Әділет" партиясы Дағдарысқа қарсы бағдарлама құрылыс фирмалары мен жүйе құрушы банк мүдделерін қорғауға бағытталған деп санайды. Дағдарыстан шығу кезінде Ұлттық қор мен Жинақтаушы зейнетақы Қорлары сияқты халықтың қаржысы толығымен қолданылатын болады, ал кейбір құрылымдар соның есебінен өздерінің мәселелерін шешіп қана қоймай, жоғары деңгейде табыс тапқысы келетіні анық. Барлық мемлекеттерде екінші деңгейдегі банктерді жартылай мемлекет меншігіне өткізу, немесе, мемлекеттік қолдау көрсету − қаржы жүйесінде тұрақтылықты сақтау үшін банктердің өз бастамасымен жүзеге асқан. Ал, Қазақстанда бастамашы болып мемлекет тұр. Бұл ЕДБ-терге өз талаптарын алға тартуға және қосымша қаржыландыруда өздеріне қолайлы жағдайлар туғызу талаптармен саудаласуға мүмкіндек береді. Оның үстіне, егер, мемлекет пен акционер арасында келісімге қол жеткізілмесе, онда Ұлттық қордан бөлінген қаржы "ортада" қалып қояды. Егер банкілерді қосымша қаржыландыру елімізге тиімсіз жағдайда жүзеге асса, онда одан бас тару керек те, бұл мақсат үшін басқа банк, немесе, қаржылық институт ашу қажет.

Дәл осындай көзқарас құрылыс фирмаларына да тән. Олар мемлекет "әділетті" деп ұсынған Алматы қаласы бойынша тұрғын үйдің шаршы метрі – $1000, Астана қаласында – $800 бағаны қабылдамай отыр.

"Әділет" партиясы бұл баға дағдарыс жағдайында банкроттыққа ұшыраған фирмаларды іс жүзінде құтқарып қана қоймай, әжептеуір табыс табуға жеткізеді деп санайды. Халықтың төлем қабілеті төмендеген жағдайда, тұрғын үйге сұраныстың болмауын ұлттық компаниялар мен әкімдіктердің есебінен пәтерлер сатып алу арқылы бағаны көтеру көзделген.. Құрылыс фирмаларының қысым көрсетуінің нәтижесінде билік енді бұл пәтерлерді "әрленбеген" қалпындағы баға деп санауды ұсынып, тұрғын үйлерді сатып алу қаржысының бір бөлігін тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражат есебінін өндіруге дайын екендігін білдірді.

Тұрғын үй мәселесін шешудегі біздің бағытымыз қазіргі дағдарыстың басты себепкері болып отырған үлескерлік құрылысты қолдауда емес, одан басқа бағытта − тұрғын үй құрылысы кооперативтерін дамыту мен жалдамалы пәтерлер құрылысын жандандыруда болып табылады. Толықтай өзінің тиімсіздігін көрсеткен үлескерлік құрылысты қолдай беру, ипотекалық несиенің 12%−ға түскеніне қарамастан, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуді түпкілікті шеше алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Бағдарламаға қатысқысы келмейтін құрылыс фирмалары қалыптасқан жағдайдан өз күштерімен шығуы керек, болмаса, банкрот деп жариялануы қажет.

Жалдамалы пәтерлерді салу үшін Ұлттық Зейнеткерлік Қорының қаржысын мүмкіншілігінше қолданған дұрыс. Онда да, Жобада көрсетілгендей олардың қаржысын құнды қағаздарға құюды ғана емес, қозғалмайтын мүлікті меншіктеу мен олармен іс−әрекет жасау құқықтарын заңды тұрғыда бекітіп беру керек деп санаймыз.

Үшіншіден. Ұсынылған Жоба экономиканың нақты секторларын төменгі пайызбен қаржыландырудың барлық мүмкіншіліктерін қолданбай отыр. Экономиканың нақты секторларын қаржыландырудың "Самұрық−Қазына" ҰҚ және Екінші Деңгейдегі Банктер (ЕДБ) сияқты даму институттары арқылы ұсынылуы − несиенің 6−8%−ға қымбаттауына, яғни, халық қаржысын банктер арқылы бөліп бергені үшін даму институттары тағайындаған үстемақы пайыз көлемінде өсіруге жол береді. Ал экономиканың нақты секторларына, әсіресе, шағын және орташа бизнес саласына несие беруді ақылы түрде жүргізуден бас тарту жылдық үстемақыны 5−6%−ға төмендетуге, соған қарамастан, несиені ең жоғарғы банкілік маржа деңгейінде қалдыруға мүмкіндік берер еді. Біз Жобада көрсетілген үстемақының ең жоғарғы деңгейі − 14% емес, банкілік маржаның жоғарғы көрсеткішіне сай 5−6%−бен шектеуді ұсынамыз. Яғни, экономиканың нақты секторларын несиелендіру қызметі үшін даму институттары банкілерге қаржыны 0−дік ставкамен береді де, сауда−саттық және делдалдық қызмет түрлері үшін ең жоғарғы 4−5%−дық ставкамен береді. Сонда ғана ЕДБ−лер сауда−саттық және делдалдық қызмет түрлерін емес, экономиканың нақты секторларын қаржыландыруға қызығушылық танытатын болады.

Мәселе осылай өрбісе даму институттары экономиканы қаржыландыр үшін ЕДБ−терді таңдап жатпайды, оларды қаржыландыруды несие беру қоржынын қалыптастыру арқылы банкілердің өздері жүзеге асыратын болады.

Төртіншіден. Мемлекетік және қоғамдық бақылаудың тиянақты механизмі қажет. Ұсынылған Жобада дағдарыстан шығу шараларының іс жүзіндегі қадағалаушы механизмдері қарастырылмаған. Бұл процестен қоғамды айтпағанда, Парламенттің өзі тысқары қалған. Қысылтаяң жағдайда шұғыл шешім қабылдау мен оны іске асыру өкілеттігі алға шығады. Мұндай жағдайда қалыптан тыс әрі төтенше шешім қабылдау − қолданыстағы заңдарға қажетті өзгертулер енгізуді, немесе, жаңа заңдарды қабылдауды қажет етеді. Мұнда, Үкіметтің іс−әрекетін қадағалаусыз қалдырмау және оның шешім шығару мен оны іске асыру өкілеттігін созыла берілмеуін талап ету аса маңызды. Сондықтан Парламенттің, саяси партиялардың және қоғамның рөлінің артуы дағдарыстан шығу үшін және Қазақстан экономикасының одан әрі тұрақты дамуына жағдай туғызу үшін өте қажет.

Сондықтан Жобада көрсетілген қаржылық ресурстарды қолдану, оның тиімділігі, соның ішінде, үкімет пен ұлттық компаниялардың және даму институттарының іс−әрекеті сияқты шаралардың орындалуы туралы Үкіметтің Парламент алдында тұрақты есеп беріп отыруын алдын ала міндеттеуге тиістіміз. Бұндай ақпараттар мемлекеттік не коммерциялық құпияға жатпайды, өйткені, қаржының егесі халық. Сол себепті де, Оның өз қаржысы қалай, қаншалықты тиімді қолданылып жатқанын біліп отыруға толық құқы бар. Бірақ бұл да аздық етуі мүмкін. Себебі, елімізде Үкіметтің, Ұлттық компаниялардың және даму институттарының іс−әрекетін бақылауға дәрменсіз бір партиялы Парламент орныққан.

"Әділет" партиясы ҚР Президенті жанынан саяси реформаларды жетілдіру жөніндегі Мемлекеттік комиссия түріндегі Қоғамдық бақылау комиссиясын құруды (атын анықтау қажет) ұсынады. Оның құрамына барлық партия өкілдері, танымал қоғам қайраткерлері, эксперттер, азаматтық қоғамның басқа да институттары Дағдарысқа қарсы Жоспардың орындалуын тиянақты қадағалау мақсатында енгізілуі тиісті.

"Әділет" партиясының Саяси Кеңесі

Біздің көш басшыларымыз

Блиц-сауалнама

Мұрағат

« Мамыр, 2012 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31