ҚАЗОРЫС
Жылдам іздеу

"Әділет" партиясының "Қаржылық тәртіп және бюджет саясатының тиімділігі туралы" Мәлімдемесі

12 қазан 2010 ж. Алматы қ.

Қазақстан Республикасы жаңа дағдарыс кезеңіне енді. Осыған сәйкес соңғы кездері қабылданған бағдарламалық құжаттарда еліміздің дамуында алда тұрған мақсаттар мен міндеттер және оларды шешу жолдары көрсетілген. "Әділет" партиясы осы міндеттерді жүзеге асыру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару, стратегиялық жоспарлау, Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына серпін беру туралы өз мәлімдемелерін жариялаған болатын.

Қазіргі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттің ролі арта түсуде. Алда тұрған жақын және ұзақ мерзімдегі мақсаттарды жүзеге асыру қоғамның барлық құрылымдарын – тұрғындарды, бизнес-өкілдерін және мемлекетті бірлесе әрекет етуге жетелейді. Бұл әрекеттің негізгі мазмұнын мемлекет қаржысын аса маңызды жобаларға мақсатты түрде жұмсау құрайды.

Сондықтан осы шараларға деп бөлінген мемлекет қаржыны тиімді қолданысын қоғам тарапынан жете бақылау аса маңызды. Және де, бюджет тәртібінің бұзылмауын, бюджет қаржысының талан-таражға түспеуін қатаң қадағалап, сыбайластық қылмысқа төзгісіз қоғамдық ахуал туғызу жағдайын орнықтыратын кез келді.

Осы аталған мәселелерді ескере келе, "Әділет" партиясы біздегі стратегиялық және бюджеттік жоспарлауда кеткен жүйелі қателіктердің әсерінен мемлекеттік қаржы тиімсіз пайдаланылуда деген қорытындыға келді. Бюджетті құруда, қабылдауда және жүзеге асыруда жіберілген осындай жүйелі қателіктер мына мәселелерден көрініс тауып отыр:

  • Бюджеттік жобалау тиянақты дәйектелмеген. Нәтижесінде бекітіліп қойған бюджетті үнемі өзгертуге жол берілуде. Бюджеттің кейбір баптары бойынша кіріс жоспарлағаннан асып кетсе, басқа бір баптар бойынша кіріс жоспары орындалмай қалуда.
  • Бюджеттің шығыс жағының орындалуының сапасы сын көтермейді. Ол – бюджет қаржысын тиімсіз не мақсатысыз пайдалану, республикалық және жергілікті бағдарламаларды жүзеге асырушы буындардың мойнында кредиттік және дебиторлық қарыздардың болуы сияқты мәселелерде көрініс тауып отыр.
  • Жергілікті бюджеттің республикалық бюджеттен тәуелділігінің жоғары болуы. Әр деңгейдегі бюджеттердің өзара байланыс механизмдерінің және әр деңгейдегі бюджеттердің қаржысын кері қайтару, немесе, оларға қосымша қаржылай көмек беру (субвенция) механизмдерінің жетілмегендігі.
  • Мемлекеттік активтерді басқарудың тиімді механизмдерінің жоқтығы. Соның әсерінен ұлттық компаниялардың бюджетіне мемлекеттік акциялар пакетінен түсуі тиіс пайда өте төмен деңгейде қалуда.
  • Мемлекеттің атқаратын міндетін қайталаушы құрылымдардың, соның ішінде, даму институттарының қызметіне бақылаудың жоқтығы. Нәтижесінде даму институттары нақты салаларға көмектесудің орнына пайда табумен айналысуда. Экономиканың нақты салаларын қаржыландырудың орнына екінші деңгейдегі банкілердің міндетін атқаруда.
  • Нақты секторды қолдау бағдарламаларына мемлекеттік субсидиялау механизмдерінің шамадан тыс күрделеніп кетуі.
  • Бағдарламалық құжаттардың асығыс жасалынуы. Бюджеттік жобаға жетекшілік жасаушылар мен оны іске асырушылардың бағдарламаның орындалу механизмдерін қалыптастыруда кешенді әрекеттерге бара алмауы.
  • Мемлекеттік органдар бюджет қаржысын жұмсауды бақылауды бағдарламаның орындалу барысын дәлме-дәл есепке алмай жүргізеді, және де, оны республикалық, жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланыс орнатпай іске асырады.

Мемлекеттің бюджетін құрудың сапасын арттыру мен бюджет қаржысын жұмсауды бақылау мәселелерін шешу – экономиканы реттеуде және басқаруда мемлекеттік жүйенің жекелеген буындарын жетілдіруді ғана емес, қазақстандық заңнама жүйесіне жалпы өзгерту енгізулерді талап етеді.

Мемлекет қоржынынан шыққан қаржының қолданудың тиімділігін арттыру – түбегейлі жаңа шешімдер табуды қажет етеді. Соған сәйкес еліміздің заңдарына қажетті түзетулер енгізу қажет. Сол себепті "Әділет" партиясы қаржылық тәртіп пен бюджет саясатының тиімділігін бақылауда мемлекеттің жүргізіп отырған әдістерін түбегейлі өзгерту қажет деп санайды. Бұндай саясаттың басты бағыттары туралы біздің партия өзінің бағдарламалық құжаттарында айтып келеді. Олар:

  1. Республикалық және жергілікті бюджеттің Қосынды бюджетін, Ұлттық қордың, ұлттық компаниялар мен даму институттарының қаржылай түсімі мен қаржыны жұмсау ережесін жасау;

    Бұл еліміздің барлық қаржы ресурстарын бір құжатта көрсете отырып, қаржы ағымының ашық болуына қол жеткізеді. Сонымен қатар, бұл шара мемлекеттік десе де, шын мәнісінде оған жатпайтын "Самұрық-Қазына", Ұлттық дәулет қоры сияқты құрылымдарды жоюға жол ашады.

  2. Республикалық және жергілікті бюджет жүйесінде бюджеттік жобалардың ролі мен орнын ұлттық және аймақтық даму бағдарламаларымен, сала аралық және аймақтар арасындағы мәселелерді шешу жолдарымен тығыз байланыста қайта қарау;

    Бюджеттік жобалардан бюджеттік мекемелердің күнделікті қызметін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды алып тастауды ұсынамыз. Олардың қатарына жалақы, ғимараттар мен техниканы, құрал саймандарды сатып алу, ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарының шығыны, күнделікті жұмысты қамтамасыз ететін қосалқы бөлшектер кететін шығындар жатады.

  3. Бюджет қаржысының игерілмей қалуы – мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру механизімдерінің шамадан тыс күрделі болуынан және оның тиімсіздігінен туындайды;

    Мемлекеттік тапсырысқа тендер өткізу хабарландыру берілген кезден бір ай асқанға дейінгі уақытқа созылады. Енді ғана қолға алына бастаған мемлекеттік тапсырыстың электрондық жүйесіне көшу сыбайластық ымыраға келуден құтқара алмай отыр. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс берудің ережелерін түбегейлі өзгерту қажет.

    Бюджеттік жобаны тауар және қызмет түрлерімен қамтамасыз ету үшін жекелеген бағдарлама жетекшілерінің өз бетінше тендер өткізуін тоқтатып, тауар және қызмет түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік тапсырыс тендерін жалпы түрде жүргізу қажет.

    Сонымен қатар, бюджеттік мекемелердің күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін тауар мен қызметті түрлерін қаржыландыру ретке келгенше тендерді осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жылдық қорытынды бойынша кварталдық қаржыландыру деңгейінде өткізудің мүмкіндігін қарастыру қажет.

  4. Бюджеттік қаржыны тиімсіз және мақсатқа сай емес жұмсау, оған тұрақты бақылаудың болмауы – басқару жүйесінде республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейлері арасындағы тығыз байланыстың болмауынан, олардың міндеттері мен құзырының қайталануы себептерінен мүмкін болып отыр.

    Әкімшілік реформа үстір жүргізіліп қоймай, ол төменгі буындардың өз бетінше шешім қабылдауын қиындатып жіберді. Сөйтіп, олардың жауапкершілігі жоғарғы басқару буынының шешімді кешігіп қабылдауына, немесе, қабылданған шешімдерде кемшіліктердің болуына байланысты әлдеқайда азайды.

    Біз толыққанды әкімшілік реформаны – стратегиялық жоспарлау мен ұлттық экономиканың үдемелі дамуын басқару қалыптасып жатқан кездегі еліміздің экономикалық дамуын мемлекеттік тұрғыда реттеу жүйесін құрудың реформасы ретінде іске асыруды ұсынамыз.

  5. Ақырғы нәтижеге сүйенетін бюджеттік жоспарлауды енгізу үстірт, әдістемелік және ұйымдастыру шаралары әлсіз, білікті мамандар жоқтың қасы (соның ішінде, әсіресе, төменгі буында) жағдайда жүргізілді.

    Сондықтан, қазіргі кезде әдістемелік нұсқаулар мен ұлттық, салалық, өңірлік бюджеттік жобалардың ұсыныстарын әзірлеу, оларды іске асыру әдістеріне баға беру – аса маңызды шаралар қатарында қосылды.

  6. Бюджет қаржысын пайдалануды бақылап қоймай, оны қалай жұмсау керектігін де бақылау – ең маңызды мәселеге айналды. Соны дұрыс шешу арқылы барлық деңгейдегі бюджеттің түпкілікті мақсатқа бағыныштылығын арттыруға болады.

    Осыған байланысты қоғамда бюджеттік және бюджеттен тыс қаржы көздерінің түзілуі мен қолданылуын бақылаудың ролі артады

  7. Стратегиялық жобалау мен ұлттық экономиканы басқарудың әдістемелік және ұйымдастыру негіздерін қамтамасыз етудің іргесін қалау басты міндеттер қатарына енді. Осыдан келіп ұлттық заңнама жүйесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізудің маңызы артуда. Олар:
    • Бюджеттік кодекс.
    • Әкімшілік реформа.
    • "Қазақстан Республикасының Есеп комитеті туралы" Заңы.
    • "Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы" Заңы.
    • Мемлекеттік стратегиялық жоспарлау және басқару жүйесі.
    • Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы" Заңы.
    • Мемлекеттік емес ұйымдардың бюджет процесіне қатысуының ережелері.
    • Қазақстан Республикасының жергілікті өзін өзі басқару туралы" Заңы.
  8. "Қазақстан Республикасының Есептеу комитеті туралы" Ережеде комитеттің міндеттері мен құзырын кеңейту мәселесін ескеру қажет.

    Есеп комитеті мемлекеттік шығындардың тиімділігі мен мақсатты жұмсалуын бағалап қана қоймай, сонымен қатар, мемлекеттік меншіктің, ұлттық компаниялардың меншігінің қалай қолданылып отырғанына да баға беріп отыруы тиіс. Есеп Комитетінің басты міндеттері –мемлекеттік бюджеттің, бюджеттік емес қорлардың шығысы және кірісінің дәйектілігіне баға беру, ұлттық және бюджеттік жобаларға қаржылық сараптама жасау, бюджет шығысы мен кірісіне айтарлықтай ықпал ететін заң жобалары мен нормативті-құқықтық актілерге сараптамалық баға беру.

    Осыған сай Есеп Комитетінің қызметкерлерінің штаты сандық жағынан да, сапалық жағынан да күшейтілуі қажет. Осы алға қойған міндеттерді іске асыру мақсатында Комитет жекелеген сарапшылар мен осы салада тәжірибесі мол мемлекеттік емес ұйымдарды (МЕҰ-ды) жұмысқа тарту құқына ие болғаны дұрыс.

  9. Бюджет тәртібін бұзылуы және сыбайластықтың аса қауіпті деректері бойынша тексеру жұмыстарын жүргізетін парламенттік тергеу институтын енгізу қажет.

Көппартиялық парламент жағдайында істерді парламенттік тергеуге ұсыну туралы ұсынысты көпшілік шешімімен емес, азшылықтың ұсынысымен қабылдау маңызды. Себебі, қызметі тергеуге түскелі отырған қызметкер, тәртіп бойынша қызметіне парламенттің көпшілік дауысының қолдауымен тағайындалады. Яғни, көпшіліктің өздері тағайындаған қызметкеріне сенімсіздік танытуы – өз қателіктерін мойындау дегенді білдіріп, тиісті қорытындыны талап етеді.

"Әділет" партиясының Саяси Кеңесі

Біздің көш басшыларымыз

Блиц-сауалнама

Мұрағат

« Мамыр, 2012 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31